вторник, 18 сентября 2007 г.

ҚАЗАҚТЫҢ БОЛАШАҒЫ






«Ұлттың бәсекеге қабiлеттiгi - бұл әрбiр қазақстандықтың, барша қоғамның және тұтастай мемлекеттiң бәсекеге қабілеттiгi. Бiздiң әрқайсымыз бәсекеге түсуге және жеңiп шығуға үйренуiмiз керек».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
(Елбасының Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 15 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзiнен).
Әр уақыттың өзiне сай үрдiсi, талғамы мен талабы бар. Алтайы қызыл түлкiдей бұлаңдаған заманның шаужайынан кiм де болсын әккi тазыдай тартып қалуға тырысады. Әйтпесе, көпке iлескен көш кешеуiлдеп, шаң қабуы ықтимал. Сол әккiлiктiң, амал-айланың тетiгi iлiм, бiлiмде, тәлiм, тәрбиеде. Қай заманда, бiлiмдi мен бiлiктiнiң дәуренi жүрген ғой. Бұл қасиеттердiң бәрi де тәрбие арқылы дарыған.
Қазақ қоғамы әлемдiк бәсекеге сай үздiк қоғам болуға тиiстiгi дау тудырмайды. Ол үшiн ұлттық педагогикамызды, ұрпақ тәрбиесiн де сол биiк деңгейге көтеруiмiз керек. Өскелең ұрпақ тәрбиесiмен қоғам да, мектеп пен жоғары оқу орындары да, ата-ана да заман талабын ескере отырып айналысулары керек, себебi бүгiнгi қазақ баласы ағылшынмен, французбен, орыс, жапонмен еркiн бәсекеге төтеп беруi тиiс, өйткенi жеке адамның қабiлетiн ұштамайынша экономика деңгейiн дамыған елдер дәрежесiне жеткiзу қиынға соғады.
Дәстүрлi қазақ әулетiнде бала көбiне ана тәрбиесiмен ер жетедi ғой. Тәрбие деңгейi де ананың қоғамдағы ахуалына байланысты. Бұл өте маңызды әлеуметтiк мәселе, дегенмен сананы тұрмыс билегендiктен, бұл тақырып жамиғат деңгейiнде сирек сөз болып жүр. Сөйтсе де үкiметтiң соңғы шешiмдерiн көңiлге тоқ санап жүрген жәй бар. Өйткенi, тәрбие туралы жаттанды сөз сөйлеу бiр басқа да, қам-қарекетке кiрiсу бiр бөлек.
Үкiмет бағдарламасы белгiлi бiр кезең ауқымында жүзеге асырылатындықтан, қоғамдағы әйелдердiң жағдайы бүгiн-ертең жөнделiп кетедi деп айта қою қиындау болар. Дегенмен, әйел халiнiң жайсыздығына жауапты қазiргi нарықтан iздесек қателесемiз. Оның тамыры тереңде. Халқымыз ұлт есебiнде жойылып кете жаздаған ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға дейiнгi, одан кейiнгi нәубеттерде, күнi кешегi ақ пен қызылдың қырғынында, 32-нiң мешiн жылындағы ашаршылық пен II Дүниежүзiлiк соғыста ер-азаматтар қатары тым селдiреп, ұрпақ аманаты әжелерiмiз бен аналарымыздың мойнына түстi емес пе? Соғыстан кейiнгi буын соның шет жағасын көрдi ғой. Демографтардың жазуына қарағанда, сол ойсыраған орын әлi де қалпына келмеген. Тек Қазақстанда ғана емес, бүкiл посткеңестiк кеңiстiкте осыған ұқсас жағдай қалыптасып отыр. Ресей өз отандастарын елге оралуға бекерден-бекер үндеп жатқан жоқ. Сондықтан да әйелдердiң қазiргi әлеуметтiк-экономикалық өмiрдегi белсендiлiгi кей саясаткерлер айтып жүргендей ер-азаматтардың ұсақталуынан емес, жамиғат жағдайынан туындап отыр. Құдайға шүкiр, қазiр iшкi жалпы өнiм жыл санап өсiп келедi, мұның өзi жағдайымыздың көп ұзамай жақсаратынын бiлдiрсе керек.
Дегенмен, жуан жiңiшкерген қазiргi кезде рухани құндылықтарымыздың да құлдырай бастауы қатты алаңдатады. Сонау жаугершiлiк заманның өзiнде халқымыз ұрпақ қамын жадынан шығармаған. Бабамыз Төле би жөнiнде мынадай аңыз бар. Қазақ пен қалмақ қақтығысында бейбiт жатқан ауылға жоңғарлар шауып, мал-мүлiктi тонап кетедi. Жау тепкiсiнен тоз-тоз болған ел-жұрт таулы жерлерге қашып, жан сауғалайды. Босқын халық арасында аяғы ауыр жас келiншек бесiк арқалап келе жатады. Қара жолда Төлемен үзеңгi қағысып келе жатқан егде кiсi:
- Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесiктi арқалап келе жатқанын-ай, - дейдi.
- Жас баланың бесiгi – кең дүниенiң есiгi,-деген екен сонда ақылгөй бабамыз.
Ал, қазiр еш соғыссыз, қақтығыс-соқтығыссыз-ақ ата-анадан айырылған балалар саны көбейiп барады. Жуырда баспасөзде америкалықтар отбасында қазақ бүлдiршiнi тәрбиеленiп жатқаны туралы хабар шықты. Халықтың тектiлiк қоры, генофонд, дүниедегi барлық нәрсе сияқты шектеулi, демографиялық саясатқа көңiл бөлмеу ұрпақтың азуына себепкер болуы мүмкiн. Ұлы Мұхтар жиырмаға жетер жетпес шағында «Ел боламын десең, қазақ, бесiгiңдi түзе» демеп пе едi.
Мемлекеттiк саясатта отбасының әлеуметтiк-экономикалық жағдайына жеткiлiктi көңiл бөлiнбесе, құрылымдық өзгерiстердiң нәтижелi болуы екiталай. Қоғамдағы қылмыскерлiк, қатыгездiк және басқа дерттердiң алдын жанұядағы тәрбие арқылы алуға болатыны дәлелденген жәйт. Көп балалы жандарды толығынан мемлекет қамқорлығына алып, үлгiлi отбасыларды ел-жұртқа насихаттап отырсақ, басқаша айтқанда мемлекет пен жеке адам арасындағы байланыс бедерлене түссе, бұл екi жаққа да пайдалы болар едi. Мұны айтып отырған себебiм, күнi кешегi империялық, бертiнгi тоталитарлық саясат дәстүрлi отбасын бұзып, оны «интернационалды жаңаша совет семьясымен» алмастыруды саяси мақсат етiп қойды. Бұл мақсатқа белгiлi бiр мөлшерде жеттi де. Бодандыққа өткеннен кейiн қазақтың бас көтерер ер азаматы ел басқарудан тайдырылып, отбасы ошақ қасына билiк жүргiзуге ғана жарап қалды. Ал, Кеңес үкiметi мұны да көп көрiп, ауылдағы ақсақал билiгiн шолақ белсендiлердiң шолтыраңымен ауыстырды. Бұл белсендiлердiң қатарына қыз-келiншектер жағы көбiрек тартылды. Бейiмбет Майлиннiң «Раушан-коммунист» хикаясын есiңiзге түсiрiңiзшi... Сөйтiп, ер-азамат өз отбасына да билiк жүргiзе алмай қалды. Қалада тұратын ағайындар әйелге қаттырақ дауыс көтерген азаматтың халi қандай болатынын жақсы бiледi. Сөйтiп, тоқсан ауыз сөздi тобықтай түйiнмен тұжырымдасақ, ел тағдыры тағы да ұрпақ тәрбиесiне тiреледi екен. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пiшер» дегендей, отбасының рөлiн, ондағы ер-азаматтың беделiн көтеру керек.
Ата-ана тәрбиесiн сөз етiп отырғандықтан, осы тәрбиенi жүргiзу құралы-тiл мәселесiн де аттап өтуге болмас. Қазiр жамиғат арасында қазақтардың тең жартысына жуығы өз ана тiлiн бiлмейдi, деген пiкiр бар. Мұның пайыздық мөлшерi күмәндi болғанымен, ақиқаттан соншалық алыс еместiгiнде дау жоқ. Бiрақ ол саяси саудаға, сондай-ақ сары уайымға салынуға да себеп болмауға тиiс. Өйткенi, «алдыңғы толқын ағалар, кейiнгi толқын iнiлер», тiл бiлмейтiн ағалардың орнын тәрбиесi бөлек, ұлттық рухы бар iнiлер басады. Мәселен, бүгiнде орыс тiлiн өте жетiк бiлетiн қазақтардың ата аналары бұдан қырық-елу жыл бұрын дәл солардай өзге тiлге жетiк пе едi?
Сонымен қатар ұлттық тәрбие ұлттық идеологияға да негiзделуi тиiс. Кеңестiк билiктi жүзеге асыру құралы ретiнде бұрынғы идеология жүйесi қиратылды. Кезiнде партиялық идеяларды өткiзу жүйесi ғылымға, қазiргi тiлмен айтсақ, маркетинг талаптарына сай жолға қойылған болатын. Қазiр осындай жүйе жасау өте қажет. Ол үшiн тұтас идеялар жиынтығы болуы керек. Бас-аяғы бүтiн, ақиқат ретiнде қабылданатын идеялар болуға тиiс. Күнде өзгерiп жататын көзқарастар идеологияға тiрек бола алмайды.
Идеологияның ең басты саласы-экономикалық идеология.
Халқымыздың экономикалық идеологиясы әлi толық қалыптаспаған. Жалпы, қазақ жаңаны жедел игеруiмен ерекшеленедi. Бiрақ, өркениеттi нарықтың жетегiне әлi де күткендей ере алмай келедi.
Мұның бiр ұшығы ұлттық түйсiктiң әлi де жетiлмеуiнде, нарық талаптарын жүзеге асыру жолдары ұғынықты тiлмен түсiндiрiлмеуiнде, жас ұрпақты өмiрге баулымауда жатса керек. Ұлттық идеяның экономикалық тұжырымдары әр адамның өзiндiк мақсатына айналатындай болуы тиiс. Бұл үшiн таптаурын түсiнiктердi түбiрiнен өзгертуiмiз қажет.
Ұлттық байлық жинақталған қордан тұрады. Ол ұрпақтан-ұрпаққа, атадан балаға мирас болып, «тиыннан теңге құралады». Осы орайда ортақ меншiк ортақол тұрмысқа негiзделетiн кеңестiк экономикалық саясаттың қазақ санасына тигiзген әсерi әлi де сезiлiп тұр. Мұны елiмiздiң нарыққа бiр табан жақын тұрған ұлыстары өкiлдерiнiң жеке меншiкке жол ашылған алғашқы үш-төрт жылда-ақ байып алуынан, қарапайым қазақтың әлi де күнкерiс қамымен жүргенiнен көруге болады.
Қазақ совет әдебиетiнiң классиктерi рухани байлықты насихаттап, бақуат тiрлiк кешуге ұмтылысты дүнеқоңыздыққа балады, бұл ұғым-түсiнiк қазақ санасына қатты сiңдi. Мәселен, Қадыр Мырзалиевтiң «Қазақ осы байлықты шашу үшiн жинайтын» деген жолдары бар. Оқырманы көп ақынның осы ұстанымы талайдың көкейiне ұялаған болар. Өйткенi, көшпелi тұрмысында қор жинау дәстүрi болмаған қазаққа социализм идеялары жақын-тын. Ендi керiсiнше, халықты дүние жиюға, оны орнымен пайдалана бiлуге үйрету керек. Бұл ретте ғасырдың басында Ахаң мен Жақаң салған ағартушылық үрдiс дөп келiп-ақ тұр. Сөйтiп, ақиреттiк те, күндiк те мал жимаған қазақтың санасын өзгерту керек. Бодандық заманда жиған-тергенiмiз өзiмiздiкi емес едi, ол тұрмақ жеке баста да ерiк болмады. Ендi толық еркiндiк. Мал-мүлiк жинауға да, сән-салтанат құруға да болады. Бiрақ, сол байлықты адал жинауға тәрбиелеу керек елдi. Мемлекеттiң экономикалық мекемелерi жоспардан соң жоспар, бағдарламадан соң бағдарлама түзу жолына түспей, осы аталған құжаттарды жүзеге асыратын қауымның тәрбиесiне де көңiл бөлулерi керек. Өйткенi, бидай өздiгiнен егiлiп, егiн өздiгiнен орылмайды, ал жиналған астықтың ұрланып-жырланбай, кең қалтаға емес, Отан қамбасына құйылуы үшiн қам жасау ең алдымен кәсiпкер ағайындарға, мемлекетке қажет.
Яғни, ұрпақ тәрбиесi тек қана ата-ананың, балабақша мен оқу орындарының ғана емес, бүкiл қоғамдық институттардың күнделiктi шаруасы болуы керек. Не ексек, соны оратынымызды бiр сәт те естен шығармауымыз керек, ағайын.
Авторы: Жетпiсбай БЕКБОЛАТҰЛЫ, экономика ғылымдарының кандидаты.

понедельник, 30 июля 2007 г.

Блог аштым

Қазақ интернет қауымдастығымен қауышу мақсатын көздедім. Тілектестер мен пікірлестер тауып, заманауи мәселелер турасында ой бөлісуді, дидарласуды діттеп отырмын.
Әлемнің әр түкпіріндегі ағайынға көңіліміздің төрінен әрдайым орын табылады.